АСТАНА. KAZINFORM — Хорватиялық маман Горан Иванишевич Қазақстанның бірінші, әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакинаның бапкері болды.
Бұл туралы Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) WTA қорытынды турниріне орай өткен баспасөз мәслихатында теннисшінің өзі мәлімдеді.
Биыл Горан Иванишевич сербиялық, «Үлкен дулыға» жарысының 24 дүркін чемпионы Новак Джоковичпен бес жылдан астам уақытқа созылған бапкерлік байланысты аяқтады.
Елена Рыбакинаның жаттықтырушысы болғанын Иванишевичтің өзі әлеуметтік желіде растады.
Бүгін Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирінде бастапқы кездесуін әлемнің төртінші ракеткасы, Италия өкілі Жасмин Паолинимен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина бақ сынайтын WTA қорытынды турнирінің жеребесі тартылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).