Үкімет басшысы граффити салуға қатысты заң талаптары мен қолданыстағы шектеулерге тоқталды.
— Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар көше өнерін орналастыруға арналған арнайы алаңдар мен қабырғаларды белгілеу мәселесін пысықтап жатыр, — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ғимараттарға, аялдамаларға, қоршауларға және өзге де мұндай мақсатқа арналмаған нысандарға жазу мен сурет салу заң бұзушылық болып қала береді. Бұл туралы Премьер-министрдің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.
Олжас Бектенов қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тарихи-мәдени мұра нысандарын, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекет қорғауындағы табиғи нысандарды жазулар мен суреттер арқылы бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Ал ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үйлерді, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Жыл басынан бері Қылмыстық кодекстің 294-бабы бойынша вандализм фактілеріне қатысты 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Сондай-ақ ұсақ бұзақылық фактілері бойынша 59 әкімшілік іс қозғалған.
Бұдан бөлек, әкімдіктер граффитиді анықтау және нысандарды бастапқы қалпына келтіру үшін жедел топтар құрған.
— Жыл басынан бері Қазақстанда 20 мыңнан астам заңсыз жазу мен сурет анықталды. Оларға қатысты тиісті шаралар қабылданып, жазулар мен суреттер жойылды, — деп хабарлады Олжас Бектенов.
Сонымен бірге уәкілетті мемлекеттік органдар әкімшілік жауапкершілікті күшейту және мұндай әрекеттерді заңнамада нақты ажырату мақсатында заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жалғастырады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда қоғамдық орындарға зиян келтіретін граффити мен жазулар салуға толық тыйым салу ұсынылған болатын.
Жақында Қызылордада есірткіні заңсыз жарнамалайтын 38 граффити жазуы жойылды.