АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның Гренобль қаласында мәнерлеп сырғанаудан өтіп жатқан Гран-придің бесінші кезеңінде әйелдер арасында жүлдегерлер белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Ресейліктер Алина Загитова (213,80 балл) мен Мария Сотскова (208,78) алғашқы екі орынды иеленсе, канадалық Кейтлин Осмонд (206,77) үздік үштікті түйіндеді. Бұлардың үшеуі де Гран-при финалында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Қысқа және еркін бағдарламадан кейін 200,98 балл жинаған қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева жүлделі орынға қол созым ғана жетпей, бесінші орынға табан тіреді. Бұл да жоғары нәтиже деуге болады.
Айта кетейік, мұның алдында Минскіде өткен Челленджер турнирінде Элизабет топ жарып, алтын жүлдені иеленген болатын. Э.Тұрсынбаева үшін басты мақсат алдағы жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсету екендігі белгілі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).