Grand Prix: Астанада пара дзюдодан халықаралық жарыс өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы Beeline Arena спорт кешенінде 23-24 қараша күндері пара дзюдодан Grand Prix жарысы өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Фото: ҰОК

Қазақстан ұлттық құрамасының пара дзюдошылары Париж Паралимпиадасында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, 1 алтын, 1 күміс және 3 қола жүлде жеңіп алған. Енді санаулы айдан кейін қазақстандық спортшылар жанкүйерлерінің алдында шеберліктерін көрсетпек.

Турнир барысында 10 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынады. Жарыстың басты ерекшелігі – жаңа Олимпиада цикліне байланысты салмақ дәрежелерінің өзгеруі. Ерлер енді 70, 81, 95 және 95 келіде, ал әйелдер 52, 60, 70 және 70 келіде жүлде үшін күреседі.

Сонымен қатар Халықаралық дзюдо федерациясы тәжірибе ретінде Олимпиада бағдарламасына кірмейтін екі салмақта (ерлер – 64 келі, әйелдер – 46 келі) жүлделер үлестірмек.

Айтулы додаға 15 мемлекеттен 100-ге жуық спортшы қатысады. Қазақстан намысын Астана қаласының үш параспортшысы J1 санатында қорғайтын болады.

Олар:

Асылан Нұрдаулетов (73 кг);
Бауыржан Арыстанбеков (90 кг);
Ерболат Бекентаев (90 кг).

Жарыстың ашылу салтанаты 23 қараша күні Beeline Arena спорт кешенінде сағат 15:00-де өтеді. Ал жарыстар күн сайын сағат 10:00-де басталады. 

Бұған дейін Ақтөбе қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты мәресіне жеткенін жазған едік.