Грант иегерлерінің оқу орнын таңдауы бойынша биыл Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 3075 студентімен көш бастады

АСТАНА. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат - Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимараты алаңында Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлады оқу орнының баспасөз орталығы.

Салтанатты шараға университет ұжымы, білім-ғылым саласындағы құрметті қонақтар қатысты. ЕҰУ ректоры т.ғ.д., профессор Е.Сыдықов университеттің оқытушы-профессорлары мен студенттерін және университет табалдырығын алғаш аттағалы отырған 1 курс студенттерін «Білім күнімен» құттықтай отырып, еліміздің болашағы - білімді, өрелі жастардың қолында екенін айырықша атап өтті.

Грант иегерлерінің оқу орнын таңдауы бойынша биыл Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 3075 студентімен көш бастады. Оның ішінде 906-сы «Алтын белгі» иегері, 132-сі республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздары.

Жиын соңы университеттің өнерпаз студенттері қойған концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік іс-шара университеттің 1 курс білімгерлеріне арналған лекциясымен жалғасты.