Грант қаражаты мақсатсыз жұмсалған: Қостанайда 1,38 млн теңге бюджетке қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысының Әулиекөл ауданында мемлекеттік грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісі анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін мемлекетке келтірілген 1,38 млн теңге залал толық өтелді.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Әулиекөл ауданының прокуратурасы мемлекеттік гранттардың заңды әрі мақсатты пайдаланылуына жүргізген талдау барысында заңбұзушылықты анықтаған.

2023 жылы азаматқа кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асыру үшін 1 млн 380 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант берілген. Алайда грант қаражатына сатып алынған жабдық іс жүзінде мәлімделген мақсатта пайдаланылмаған. Бұдан бөлек, оның техникалық сипаттамалары есептік құжаттарда көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмеген.

Осы факті бойынша прокуратура материалдарының негізінде алаяқтық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. 

— Тергеу барысында грант алушы мемлекетке келтірілген залалды толық өтеп, 1,38 млн теңгені бюджетке өз еркімен қайтарды. Кінәсін мойындауы, залалды ерікті түрде өтеуі және заңнамада көзделген өзге де мән-жайлар ескеріліп, қылмыстық іс қылмыстық қудалауды болдырмайтын негіздер бойынша тоқтатылды, — делінген хабарламада.

Прокуратура мемлекеттік гранттар нақты бизнес-жобаларды іске асыру үшін берілетінін еске салды. Бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.

Бұдан бұрын кәсіпкерлерге арналған грант бағдарламасын жарнамалаған қызылордалық 3,5 жылға сотталғанын жазғанбыз.