Бұл туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есенбаева Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.
Жанна Есенбаеваның айтуынша, негізгі грант конкурсының аяқталуы талапкерлер үшін білім алудың басқа мүмкіндіктері жоқ дегенді білдірмейді.
Оның айтуынша, біріншіден жергілікті атқарушы органдар бөлетін білім гранттары бар. Биыл әкімдіктер тарапынан 2 мыңнан астам грант қарастырылған.
— Әкімдік гранттары туралы ақпаратты талапкерлер өз өңіріндегі жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан немесе білім басқармаларынан ала алады. Ең бастысы құжат қабылдау мерзімін өткізіп алмау. Кейбір әкімдіктер 10-12 тамыз аралығында құжат қабылдап жатыр, енді бірқатары 15 тамызға дейін қабылдайды, — деді Жанна Есенбаева.
Екіншісі ол «Қазақстан халқына» қорының білім гранттары. Биыл қор тарапынан 350 грант бөлінген. Грантқа қойылатын негізгі талаптар қордың ресми сайтында жарияланған. Сонымен қатар жоғары оқу орындары ұсынатын ректорлық гранттар бар.
— Жоғары оқу орындары өз талаптарына сәйкес білім гранттарын қарастырады. Көбіне «Алтын белгі» иегерлеріне, жетім балаларға, олимпиада жүлдегерлеріне және әлеуметтік осал топтағы талапкерлерге гранттар беріледі. 100 және 50 пайыздық жеңілдіктер сияқты мүмкіндіктер бар. Бұл туралы талапкерлер өздері таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына хабарласа алады. Қазір қабылдау комиссиялары жұмыс істеп жатыр, — деді комитет төрағасының орынбасары.
Төртінші мүмкіндік — жұмыс берушілер тарапынан бөлінетін гранттар. Мысалы, жыл сайын «KazEnergy» компаниясы оқу ақысын толық өтейтін білім гранттарын ұсынады. Бұдан бөлек министрлік бас тартылған мемлекеттік гранттарды қайта бөлуді жоспарлап отыр.
— Кейбір талапкерлер әртүрлі себептерге байланысты өздеріне берілген гранттан бас тартып жатады. Осындай жағдайда босап қалған гранттарды қыркүйек айының соңына дейін қайта тағайындайтын боламыз. Ол үшін құжат тапсырудың қажеті жоқ. Гранттар конкурс тізімінде келесі тұрған талапкерлерге беріледі, — деді Жанна Есенбаева.
Айта кетейік, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері тізімін жариялады. Биыл 75 мыңнан астам талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.