«Грантум» жинақтаушы зейнетақы қорына жаңа президент сайланды
деп хабарлайды ҚазАқпарат қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Директорлар кеңесінің наурыздың 25-індегі шешімі бойынша Нұрлан Қадырұлы бұл қызметке сәуірдің 1-інде тағайындалды. 1969 жылы Шығыс Қазақстан облысында өмірге келген Н. Ниетбаев 1994 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдайды. Сондай-ақ «Қазақстанның даму банкі», «Экспорттық кредиттерді және инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» және «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-дарында жетекші қызметтерді атқарып келді.
«Менің алдымда күрделі мәселе тұр. Ол - табысты, тұрақты Қорды бұрынғыдан да жоғары қарқынмен дамитын қаржы ұйымына айналдыру. Біз күш-жігерімізді бұрынғысынша өз қызмет көрсетуіміздің сапасын арттыруға жұмсайтын боламыз және өз салымшыларымыздың жинақталған зейнетақы қаражатын жинап, тұрақты түрде көбейтіп тұруға негізделген инвестициялық саясатты ұстанамыз. Алдымызға қойған мақсаттарға жету жолындағы бірден-бір маңызды қадамдардың бірі қор акционерлерінің жарғылық капиталды 3,2 миллиард теңгеге дейін арттыру туралы шешімі болды», дейді Нұрлан Ниетбаев. Бұл қордың меншікті капиталын 2,8-ден 5 миллиард теңгеге дейін арттыруға және жоғары қарқынмен көбейіп келе жатқан салымшылардың сенімділігі мен тұрақтылығын нығайта түсуге мүмкіндік береді.
«Грантум» ЖЗҚ» АҚ бүгінгі таңда активтерінің көлемі бойынша республикада алғашқы бестікке кіреді. Жинақталған зейнетақы қаражаты 114 миллиард теңгені құрайтын 200 мың салымшыға қызмет көрсететін қордың 11 жылдық тәжірибесі бар.