Греция премьер-министрінің кабинетіне автоматтан оқ жаудырылды

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Белгісіздер Афинада «Жаңа демократия» партиясының штаб-пәтеріне автоматтық қарудан оқ жаудырды.

Полицияның берген мәліметтеріне қарағанда, шабуыл жасаушылардың нысанасы елдің қазіргі премьер-министрі Антониос Самарастың кабинеті болды.

Грекиялық БАҚ-тардың хабарлауынша, жексенбіден дүйсенбіге қараған түні қылмыскерлер ғимаратқа көлікпен келіп, кеңсеге оқ жаудырған. Кейін оқиға орнында полицейлер 9 оқтың ізін тапты. Абырой болғанда төтенше жағдай салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Таңға жуық қылмыскерлер оқиға орнынан ізін суытқан көліктің жанып кеткен қаңқасы табылды.

Премьер-министрдің баспасөз хатшысы мәлімдеме жасап үлгерді. Оның сөзіне қарағанда, атыстар грек демократиясына қарсы бағытталған.

Әзірге грекиялық ұйымдардың ешбірі түнгі шабуылды өз мойнына алған жоқ.