Грек орманын өртеген отшашу: Яхта капитаны кінәні өз мойнына алды

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 23 маусымда Гидра аралындағы қарағайлы орманда отшашудың арты өртке ұласты. Яхтаның капитаны жауапкершілікті өз мойнына алды. Бұл туралы Ekathimerini басылымы хабарлайды.

Фото: ekathimerini.com

Басылымның мәліметінше, Қазақстан азаматтары демалған Persephoni I жеке яхтасының капитаны кінәсін толық мойындаған. 

«Қолда бар мәліметтерге сәйкес, тұтқындалған капитан 2 тамызда өз еркімен толық жауапкершілікті мойнына алып, экипаждың қалған мүшелерін және шетелдік яхта жалдаушыларын ақтап, қосымша айғақ келтірді», — деп жазады басылым.

Айтуынша, капитан теңіз жартасына 15 отшашу жиынтығын орнатқан.

Оның ішінде 14 отшашу аралдан алыста жанған, бірақ бір отшашу қарама-қарсы ұшып, аралдың тік баурайына түскен, салдарынан өрт шыққан. 

Сонымен қатар капитан қонақтарды таң-тамаша еткісі келгендіктен өзге экипаж мүшелерінің көмегінсіз және яхтаны жалға алушылардың бұйрығынсыз өз бетімен әрекет еткенін мойындаған. 

Одан бөлек, яхта капитаны оқыс оқиғадан кейін дүрбелеңге түскенін, сондықтан алғаш тергеу барысында басқаша пайым ұстанғанын айтқан. 

Еске сала кетейік, Грекияның Гидра аралындағы орман өртінен кейін 13 адам қамауға алынды.

Кейін ел билігі өрттің шығуына «Персефони» яхтасынан ұшырылған отшашу себеп болғанын мәлімдеді. 

Сондай-ақ, яхта экипажының 11 мүшесі кепілмен босатылғанын хабарлаған едік. 

Айта кетсек, еліміздің Сыртқы істер министрлігі Грекиядағы өртке қатысы бар деп ұсталғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екенін жеткізген еді.