АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Дортмунд қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен «Grand Prix of Germany» халықаралық турнирінде қазақстандық Айдос Сұлтанғали (60 келі) чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
13 тамызда басталған турнирдің алғашқы күнінде алдын ала белдесулер өтіп, финалға жолдама алған балуандар анықталды.
Ел құрамасынан Айдос Сұлтанғали (60 келі) финалда АҚШ балуаны Эльдар Хафизовпен шеберлік байқасты.
Қызылорда облысының атынан сынға түскен балуан қарсыласынан 7:0 есебімен басым түсіп, халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
Ал астаналық Марлан Мұқашев финалда украин Никита Дементьевке есе жіберіп, күміс жүлде иеленді.
Сондай-ақ, шымкенттік Мейрамбек Шермағанбет (67 келі), қарағандылық Ибрагим Магомадов (72 келі), Алматы облысынан Демеу Жадраев (77 келі), шымкенттік Әлімхан Сыздықов (130 келі) қола жүлдегер атанды.
Бұл жарыс - грек-рим күресінен ұлттық құрама бапкері Юрия Мельниченконың тұсаукесер турнирі.
Ұлттық құрама Германиядан кейін бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу мақсатында Әзербайжан еліне аттанады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.