АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Дортмунд қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен «Grand Prix of Germany» халықаралық турнирінде қазақстандық екі балуан екі салмақта алтын медальға таласады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Германияның Дортмунд қаласында грек-рим күресінен «Grand Prix of Germany» халықаралық турнирі 12 тамызда басталды. Биыл 38-ші мәрте жалауын желбіреткен дүбірлі додаға 23 мемлекеттен балуандар келді.
12 тамызда алдын-ала белдесулер өтіп, финалға жолдама алған балуандар анықталды.
Ел құрамасынан Марлан Мұқашев (55 келі) енді финалда украиналық Никита Дементьевпен бас жүлдені сарапқа салады.
Ал Айдос Сұлтанғалидің (60 келі) финалдағы қарсыласы - АҚШ балуаны Эльдар Хафизов.
Сондай-ақ, жұбаныш белдесуінде Ибрагим Магомадов (72 келі) қола жүлдеге таласса, Демеу Жадраев (77 келі) пен Ерұлан Ысқақов (97 келі) француз балуандарымен кездеседі. Тағы бір балуанымыз Әлімхан Сыздықов (130 келі) литвалық Ромас Фридрикаспен жұбаныш белдесуінде бағын сынайды.
Еске салсақ, күрес түрлерінен әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық балуандар белгілі болды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.