НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен әлем чемпионатында грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғалидің қола жүлдесінен кейін ел құрамасы медальдар кестесінде 13-орынға жайғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазірге дейін грек-рим күресінен әлемнің 13 мемлекетінен келген балуандар жүлдеге қол жеткізді.
Олардың арасында 4 алтын медаль алған Сербия көш бастап тұр. Екінші орындағы Әзербайжанның 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальі бар. Үздік үштікті 1 алтын, 3 қоламен Түркия құрамасы түйіндеді.
Сондай-ақ, медальдар кестесіне Армения, Қырғызстан, Грузия, Венгрия, Иран, Өзбекстан, Болгария, Дания, Украина, Қытай, Жапония құрамалары енгізілген.
Еске салсақ, әлемдік додада 60 келі салмақта сынға түскен Айдос 3-орын үшін сайыста венгриялық Кристиан Кечкеметиді 7:1 есебімен жеңді.
Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Бұған дейін 2018 жылы Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында да қола жүлде алған еді.
Айта кетсек, бүгін әйелдер күресінен төрт қазақстандық спортшы сынға түсті.
Фото: olympic.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.