АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен ересектер арасында Азия чемпионаты алғашқы жарыс күнінен кейін жалпыкомандалық есепте Қазақстан үшінші орында келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрлықтық доданың алғашқы жарыс күнінде қазақстандық балуандар 1 күміс, 3 қола медаль алды.
Ел құрамасынан Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) құрлықтық додада күміс жүлдегер болды.
Ал Аманғали Бекболатов (55 келі) пен Мұхамедәлі Мамырбек (63 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі) қола жүлде алды.
Ал Демеу Жадыраев (77 келі) 3-орын үшін сайыста қарсыласына есе жіберіп, жүлдесіз қалды.
Жалпыкомандалық есепте 4 алтын, 1 күміс жүлде жеңіп алған Иран құрамасы көш басында келеді.
Одан кейін орынға 1 алтын, 1 қоламен Қырғызстан жайғасты.
Ертең, 10 сәуірде грек-рим күресінен қалған салмақтарда жүлделер сарапқа салынады.
Ел құрамасынан Ернұр Фидахметов (60 келі), Алмат Кебіспаев (67 келі), Ибрагим Магомедов (72 келі), Диас Қален (82 келі), Олжас Сырлыбай (97 келі) бозкілемге шығады.
Сондай-ақ, 11-12 сәуірде әйелдер, 13-14 cәуірде еркін күрестен сайыстар өткізіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.