Заң жобасын тек биліктегі «Жаңа демократия» партиясы қолдады. Негізгі оппозициялық күштер оған қарсы дауыс берді немесе қалыс қалды. Талқылау 16 сағаттан астам уақытқа созылды.
Құжат платформаларды пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерін енгізуге міндеттейді. Ол үшін мемлекеттік Kids Wallet және Gov.gr Wallet қосымшаларын немесе ұлттық және еуропалық заңнама талаптарына сай келетін басқа шешімдерді пайдалануға болады. Платформаларға пайдаланушының 15 жасқа толған-толмағаны туралы ғана ақпарат беріледі. Оның аты-жөні, нақты туған күні және басқа да жеке деректері ашылмайды.
Талаптарды орындамаған компанияларға Еуропалық одақтың Цифрлық қызметтер туралы заңына (DSA) сәйкес қатаң айыппұл салынады. Оның мөлшері компанияның жаһандық айналымының 6 пайызына дейін жетуі мүмкін.
Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакис мұндай тыйым енгізу жоспарын биыл сәуірде жариялаған еді. Билік бұл шараны балалардың психикалық денсаулығын қорғау қажет екенімен түсіндіреді. Олардың айтуынша, әлеуметтік желілердегі лентаны шексіз парақтау балалардың ұйқысына, зейініне және құрдастарымен араласуына кедергі келтіреді. Ал платформалардың алгоритмдері тәуелділік тудыруы мүмкін.
Грекия Еуропалық одақта мұндай шектеу енгізген алғашқы елдердің бірі атанып отыр. Бұған дейін Аустралия 16 жасқа толмаған балаларға осындай тыйым салған. Францияда осыған ұқсас заңды Конституциялық кеңес қабылдамай тастаған. Афина билігі кәмелетке толмағандарды цифрлық ортада қорғау мәселесінде Еуропа елдерін ортақ ұстаным қалыптастыруға да шақырып отыр.
Алғашқы кезеңде заң Instagram, Facebook және TikTok сияқты платформаларға қатысты қолданылады. Кейін тізім кеңеюі мүмкін. Ата-аналар балаларына әлеуметтік желілерді пайдалануға рұқсат бере алмайды. Сондай-ақ 15 жасқа толмаған балалардың бұрыннан ашылған аккаунттарына да жеңілдік қарастырылмаған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге кіруін шектеу тетігі әзірленіп жатқанын жазған едік.