Грекия өкіметі 40 елсіз аралды жалға бермекші

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Гректің жекешелендіру агенттігінің атқарушы директоры Андреас Тапранцис агенттік қазірдің өзінде 40 елсіз аралды жалға ұсынуға әзірленгенін мәлім етті, деп хабарлады ИА FWNews.

Туризм үшін белгілі бір ықылас туғызған бұл аралдар 30 жылдан 50 жылға дейін кез келген мерзімге жалға берілуі мүмкін. Алты мың грек аралдарының 562-сі тексерілді.. Шенеуніктің айтуынша, құрлыққа таяу орналасқан аралдар анықталды. Бұл аралдарды жалға беру ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірмейді. Алайда Тапранцис елсіз аралдарда қандай инфрақұрылымдар бар екендігін ашып айтпады. Оның айтуынша, тізімдегі аралдардың көлемі 500 шаршы метрден үш шаршы километрге дейін жетеді. Дегенмен аралдарды жалға беру үшін алдымен тиісті заң қабылдануы тиіс.

Бұған дейін БАҚ-та аралдардың сатылатыны туралы хабарлар жиілеп кеткен болатын.