Олардың суреттері әлеуметтік желілерге жарияланып, әлемде қоғам наразылығын тудырғаннан кейін екі ел бір-бірін мигранттарға қатыгездік жасады деп айыптады.
Грекия полициясының мәлімдеуінше, олар ер адамдарды жұма күні Грекия мен Түркия арасындағы шекарада ағып жатқан Эврос өзенінің маңынан тапқан. Полиция хабарламасына сәйкес, тергеу барысында ер адамдар Грекияға өзен арқылы резеңке қайықпен жүзіп өткені анықталған.
Грекия азаматтарын қорғау министрі Такис Теодорикакостың айтуынша, мигранттарды ол жерге Түркияның әскери полициясы әкеліп тастаған.
Ал Түркияның ішкі істер министрі Исмаил Чатаклы бұл айыптауды жоққа шығарып отыр. «Сіз [Түркиядан] адам құқығы бұзылуының бірде-бір жағдайын таба алмағандықтан, өзіңіз жасаған қатыгездікті [мұны] [Түркия] жасағандай көрсетуге тырысып жатырсыз!», - деді ол.
Түрік үкіметінің коммуникациялар жөніндегі директоры Фахреттин Алтун Түркияға тағылған айыпты «грек жалған жаңалықтар машинасының» өнімі деп атады.
БҰҰ босқындар ісі агенттігі адамдарға жасалған осындай қатыгездікті және ар-намысты қорлайтын қарым-қатынасты айыптап, бұл оқиғаны тергеуге шақырды.
Frontex мәліметі бойынша, осы жылдың алғашқы тоғыз айында ЕО шекарасына заңсыз кірудің 230 мыңға жуық фактісі тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70% көп және 2016 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.
Фото: Reuters