Грекияда 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге кіруіне тыйым салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Тыйым 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды The Guardian басылымы. 

Фото: AnewZ

Елдің премьер-министрі Кириакос Мицотакис бұған ел арасындағы мазасыздықтың артуы, ұйқы проблемалары және онлайн платформалардың тәуелділікке итермелейтіні себеп болғанын айтады. Алайда бұл кейбір балаларға ұнамауы мүмкін екенін де мойындады.

-Біз қиын, бірақ қажетті қадам жасауды шештік: 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салу. Біздің мақсатымыз - білім мен шығармашылық көзі бола алатын технологияға қол жеткізуден айыру емес... Көптеген жастар маған салыстырулардан, пікірлерден және үнемі онлайн болуға қысым жасаудан шаршағанын айтады, - деді ол.

Мицотакис кибербуллинг және балалардың қолданбаларға тәуелділігінің артуы туралы көптеген шағымдардан кейін ата-аналармен кеңескенін айтты.

Мицотакистің орталық-оңшыл «Жаңа демократия» партиясы басқаратын 300 орындық парламент осы жазда тыйым салу бойынша дауыс береді, бұл Грецияны Еуропада мұндай заңнама қабылдаған алғашқы елдердің бірі етеді.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап платформалар кәмелетке толмаған пайдаланушылардың кіруін шектеуі керек, әйтпесе ЕО-ның Сандық қызметтер туралы заңына (DSA) сәйкес айыппұл салынады, бұл әлемдік айналымның 6%-ына жетуі мүмкін.

Өткен жылы үкімет мектептерде ұялы телефондарға тыйым салып, балаларды экран алдында шамадан тыс уақыт өткізуден қорғау үшін ата-ана бақылауы платформаларын құрды.

Қаңтар айында Франция да осындай заң қабылдауды қолға алды.

Аустралия 2025 жылдың желтоқсанында 16 жасқа толмағандар үшін 4,7 миллионнан астам әлеуметтік желі аккаунттарын бұғаттайтынын жариялады. Испания, Малайзия, Дания және Польша да тыйым салуды қарастырып жатыр. Жуырда Түркия әлеуметтік желілерге қатысты талапты күшейткенін жариялады.