Грекияның Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі күндіз ауа температурасы айтарлықтай көтерілетінін мәлімдеді.
Осыған байланысты қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Орталық Грекияда, Фессалияда, Пелопоннес түбегінде және Афина орналасқан Аттика өңірінде сағат 13:00-ден 17:00-ге дейін құрылыс, кеме жасау зауыттарындағы жұмыс, курьерлік жеткізу қызметі және ашық ауада атқарылатын өзге де жұмыстар уақытша тоқтатылды.
Денсаулығында кінәраты бар кеңсе қызметкерлеріне, сондай-ақ қарттарға, жүкті әйелдерге және қауіп тобына кіретін басқа да азаматтарға қашықтан жұмыс істеу тапсырылды.
Грекияның Ұлттық метеорология қызметінің болжамынша, 19 шілдеден бері жалғасып жатқан аптап ыстық бүгін шегіне жетеді. Аттика, Беотия, Фтиотида, Арголида, Фессалия және Коринфия өңірлерінде ауа температурасы 40 градустан асады.
Фессалияда сынап бағаны 43 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Сонымен қатар Крит аралында, Пелопоннес түбегінде, Эгей теңізінің оңтүстігіндегі аралдарда және бірқатар өңірде аптап ыстықпен қатар шөлдерден көтерілген шаңның таралуы күтіледі.
Осыған дейін жазғанымыздай, Жапонияда ауа температурасы 40°C-ден асты.