Грекияда дәрігерлер, түрме қарауылдары мен шенеуніктер ереуілге шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Грекияда мемлекеттік сектордың жұмысшылары 24 сағаттық ереуілді бастады. Олар мемлекеттік шығыстарды әрі қарай қысқарту шараларына қарсы наразылық білдіруде.

Ереуіл ауруханалардың, түрмелердің, мемлекеттік мекемелердің қалыпты жұмысына кедергі келтірмек.

Акцияға қатысушылар жалақы мен зейнетақыны 40 пайызға қысқарту, сондай-ақ мемлекеттік меншікті жекешелендіру бойынша ауқымды жоспарға наразылықтарын білдіруде.

Осы орайда мемлекеттік сектордың қызметкерлерін біріктіріп отырған кәсіподақ белсенділері Афина қаласындағы орталық алаңда жаппай митинг өткізуде.

Наразылық акциялары Грекияға халықаралық кредиторлардың сапары мерзімімен қатар келіп отыр. Олар қаржылық дағдарыстан шығу үшін үкіметтің қабылдаған шараларының жүзеге асырылуы барысын тексеретін болады.

Бұдан бұрын кредиторлар төрт жылдан астам уақыт бойы қатаң үнемдеу шараларын жүргізген Грекияның күш-жігеріне жоғары баға берген болатын.