Грекияда жасөспірімдерге ішімдік сатқандар жауапкершілікке тартылады
АСТАНА. KAZINFORM — Грекия үкіметі бармендер мен даяшылардың кәмелетке толмағандарға әдейі алкоголь ұсынуын алғаш рет қылмыс деп тануды көздейтін жаңа заң жобасын қолға алды, деп жазады АЗЕРТАДЖ.
Бұл бастама елдегі кәмелетке толмағандардың алкоголь мен темекі тұтынуына қарсы күреске бағытталған кең ауқымды кампанияның бір бөлігі. Себебі Грекияда мұндай шектеулер ұзақ уақыт бойы елеусіз қалып келген.
Грекияның денсаулық сақтау министрі Адонис Георгиадис ұсынған жаңа заң жобасы бұрыннан бар, бірақ іс жүзінде орындалмай келген заңдарды күшейтуге бағытталған, деп жазады iefimerida.gr онлайн басылымы.
Бұл шаралар кәмелетке толмағандар арасындағы алаңдатарлық статистика аясында қолға алынып отыр. Зерттеулерге сәйкес, 16 жастағы гректердің 92%-ы алкогольге оңай қол жеткізе алатынын айтқан.
Денсаулық сақтау министрі жастарды алкогольді шамадан тыс тұтынудың қауіпті әсерінен қорғауға басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Себебі бұл — Еуропада 16-25 жас аралығындағы адамдар арасындағы өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі.
Ұсынылған заң жобасына сәйкес, кәмелетке толмағандарға қызмет көрсеткені үшін заңды жауапкершілік тек кәсіп иелеріне ғана емес, ішімдікті құйып берген жекелеген қызметкерлерге де жүктелетін болады.
Сонымен қатар, заң жобасы кәмелетке толмағандар қатысатын кештерді қатаң реттеуді ұсынады. Яғни, мұндай кештер (барларда немесе клубтарда өтетін болса) Грекияның Цифрлық басқару министрлігінде тіркелуі тиіс.
Темекіге қатысты заң жобасы әр сату кезінде құжаттарды қатаң тексеруді міндеттейді. Бұл — ата-аналардың баласын дүкенге темекі алуға жіберу сияқты кең таралған тәжірибеге қарсы бағытталған шара.
Аталған заң жобасының ұсынылуы — Грекияда мәдени тұрғыдан бетбұрыс кезеңінің басталуы ретінде бағаланып отыр. Себебі елде жақында ғана қоғамдық орындарда темекі шегу қалыпты жағдай саналса, ал кәмелетке толмағандардың алкоголь тұтынуына кеңінен көз жұма қарайтын.
Бұған дейін Грекия халыққа қаржылық жеңілдіктер туралы жариялағаны белгілі болды.