Грекиядағы орман өрттерінен 12 мың гектар жер өртеніп, үш өрт сөндіруші қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Тұрғындар алдын ала теңіз арқылы эвакуацияланды. Екпінді жел өртті сөндіру жұмыстарын қиындатып отыр, деп хабарлайды Kazinform Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Фото: Anadolu

Афиныдан 70 шақырым жерде орналасқан Порто-Гермено курорттық ауылының маңындағы Коринф шығанағы аймағында 6,5 мың гектардан астам жер өртеніп кетті. Тағы шамамен 6 мың гектар аумақ Крит пен Парос аралдарындағы өрт салдарынан жойылды. Сонымен қатар Кефалония аралында жаңа өрт ошағы тіркелді.

Жергілікті қызметтердің мәліметінше, екпіні күшті жел өртпен күресуге кедергі келтіріп отыр. Ұшақтарға турбуленттілікке байланысты су алып, оны өрт ошақтарына төгу қиынға соғып жатыр.

Кейінгі күндері өртпен күрес кезінде үш өрт сөндіруші қаза тапты: екеуі Крит аралында, біреуі Пелопоннес түбегінде көз жұмған.

Фото: Anadolu

Өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, бір тәуліктің ішінде Грекияда бірнеше ондаған өрт ошағы тіркеліп, олардың көбі ауыздықталған. Орталық Грекиядағы Беотия аймағына қарасты Ливадоста елді мекенінде өрт қайта өршіді. Сондай-ақ Пелопоннес түбегінің солтүстігіндегі Панорама-Эялиас елді мекені маңындағы ірі өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ол жерге 25 техникамен 83 өрт сөндіруші және жаяу өрт сөндірушілерден құралған 4 топ жұмылдырылған. Әуеден сөндіру үшін төрт ұшақ пен екі тікұшақ тартылды.

Фото: Anadolu

Крит аралының Ретимно аймағында үш күн бойы жалғасқан орман өрті жағдайы айтарлықтай жақсарған. Алайда өрт сөндірушілер дайындық режимінде қалып, дауылды желдің әсерінен қайта пайда болып жатқан өрт ошақтарын сөндіруді жалғастырып жатыр. Екпінді жел салдарынан бұл аумақта әлі де өрт сөндіру авиациясын пайдалану мүмкін болмай отыр.

Еске салайық, бұған дейін Грекияның бірнеше аймағында орман өрті тұтанғанын хабарлғанбыз.