Грекиялық байқаушылар сайлаудың заң аясында өтіп жатқандығын мәлім етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы парламенттік сайлау қажетті деңгейде өтіп жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада берген баспасөз мәслихатында Грекия атынан келген халықаралық байқаушы, Грекия-еуразиялық іскерлік кеңесінің президенті Спиридон Кувелис мәлім етті.

«Бізді сайлау барысын бақылауға шақырған болатын, кеше біз бірнеше сайлау учаскелеріне бардық. Онда біз барлығы қажетті деңгейде өтіп жатқандығын көрдік. Барлығы жақсы ұйымдастырылған. Бізге сайлауға түсіп жатқан саяси партиялар туралы, депутаттыққа үміткер азаматтар туралы мәліметтер ұсынылды. Біз үдеріс барысын қадағалап отырдық. Біз тіл білмесек те, барлығы жоғары деңгейде өтіп жатқандығын айтуға болады», - деп түйді сөзін грекия байқаушысы.

Оның айтуынша, дауыс беру учаскелерінде сайлау басталған кездегі жағдай да заң аясында өткен.

«Бүгін біз Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Астанадағы 5-6 сайлау учаскесінде болдық және дауыс беруге халық көп келгенін байқадық. Біз тіркеуден өткен соң, сайлау процесіне қатысты мәліметтермен таныстырды және біздің сауалдарымызға жауап берді. Сайлау жәшіктері мөрленген және дауыс беру процесінің өзі жақсы ұйымдастырылған. Меніңше, сайлау жоғары деңгейде өтті», - деді С.Кувелис.