Гренландияда туристерді тарту үшін жаңа халықаралық әуежай ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Гренландияның «Айсбергтер қаласы» атанған Илулиссат елді мекенінде жаңа халықаралық әуежай жұмысын бастады. Копенгагеннен алғашқы рейспен аралға 169 жолаушы келді, деп хабарлайды Associated Press агенттігі.

Фото: airgreenland.com

Жаңа әуежай ірі жолаушылар ұшақтарын қабылдауға мүмкіндік береді және аралдың туристер көп баратын аймақтарының біріне жетуді жеңілдетеді. Бұған дейін саяхатшылар бұл жерге басқа әуе рейстеріне ауысып немесе шағын ұшақтармен қатынауға мәжбүр болған.

Әуежай терминалының аумағы – 5 мың шаршы метр, ал ұшу-қону жолағының ұзындығы 2,2 шақырым. Air Greenland әуе компаниясы 2027 жылдың жазғы туристік маусымында Копенгагеннен аптасына алты рейске дейін орындауды жоспарлап отыр. Әуежайды Исландияның Icelandair компаниясы да пайдаланбақ.

Жергілікті билік жаңа нысан туризмді дамытуға және экономика салаларын әртараптандыруға ықпал етеді деп үміттенеді. Қазір арал экономикасы негізінен балық шаруашылығына тәуелді.

Associated Press мәліметінше, 2024 жылы Гренландияға 150 мыңға жуық турист барған. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 65 пайызға көп. Дегенмен туризм аралдың жалпы ішкі өнімінің 5 пайызынан аз бөлігін құрайды.

Гренландия – Солтүстік Америка мен Еуропаның арасында орналасқан әлемдегі ең үлкен арал. Мұнда шамамен 56 мың адам тұрады. Арал Дания Корольдігінің құрамына кіреді, алайда кең автономияға ие. Соңғы жылдары Арктикадағы стратегиялық орнына, табиғи ресурстарына және өңірге деген халықаралық қызығушылықтың артуына байланысты Гренландияға назар күшейген.

Сонымен бірге жергілікті тұрғындар туристер санының көбеюі инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіріп, Арктиканың нәзік табиғатына зиян келтіруі мүмкін деп алаңдайды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Гренландияда қоры 13 млрд баррельге дейін жетуі мүмкін мұнай кен орны табылғаны хабарланған еді. Гренландиядағы бұл қара алтын байлығына АҚШ көз тігіп отыр.