Бұл ретте Данияның егемендігі мен Гренландия тұрғындарының өзін-өзі билеу құқығы сақталады, деп хабарлайды BBC.
19 қарашада Дания парламенті АҚШ және Гренландиямен жасалған келісімді бірауыздан мақұлдады. Копенгагенде өткен отырысқа қатысқан 109 депутаттың барлығы құжатты ратификациялауды қолдап дауыс берді. Қарсы шыққандар да, қалыс қалғандар да болған жоқ.
Гренландия парламенті бұл құжатты 3 қарашада мақұлдаған. Келісім АҚШ-тың аралдағы әскери қатысуын реттейтін 1951 жылғы шартты толықтырады.
Құжатқа сәйкес, АҚШ Гренландияның оңтүстігіндегі Нарсарсуак пен солтүстік-шығысындағы Местерсвигте екі жаңа қорғаныс аймағын құра алады. Сондай-ақ Вашингтонға қолданыстағы Питуффик ғарыш базасын жаңғыртып, кеңейтуге мүмкіндік беріледі. Жаңа нысандарды салудың нақты шарттарын тараптар бөлек келісуі керек.
Дания премьер-министрі Метте Фредериксен парламенттің шешімін құптап, ратификацияланған күнді тамаша күн деп атады. Оның айтуынша, келісім оған қатысушы тараптардың, НАТО мен Еуропаның мүддесіне сай келеді.
Құжат Дания Корольдігінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сондай-ақ Гренландия тұрғындарының өзін-өзі билеу құқығын растайды.
Келісімде стратегиялық маңызы бар салаларға инвестиция салуға қатысты шектеулер қарастырылған. Сондай-ақ НАТО-ға мүше емес мемлекеттер аралда әскери нысандар сала алмайды. Ал НАТО мен Еуропалық одаққа кірмейтін елдердің экономикадағы стратегиялық маңызы бар салаларға елеулі ықпал етуіне шектеу қойылады.
Келісім АҚШ парламенттік рәсімдердің аяқталғаны туралы ресми хабарлама жібергеннен кейін күшіне енеді. Ол үшін АҚШ Сенатының мақұлдауы талап етілмейді.
Құжат Вашингтон мен Копенгаген арасындағы қарым-қатынас шиеленіскен кезеңде жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде әзірленді. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияға бақылау орнату ниеті туралы бірнеше рет мәлімдеген болатын.
19 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамп Дания және Гренландиямен аралдың қауіпсіздігі мәселелері бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді.