АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Григорий Ломакин жұптық сында Бангалор (Үндістан) челленджер турнирінің финалында өнер көрсетеді.
Қазақстандық теннисші ресейлік Петр Бар-Бирюковпен бірге жартылай финалда үндістандықтар Адиль Калианпур — Мукун Сасайкумарды тықсыра алды.
Тартысты өткен матчта қос сет те тай-брейкпен аяқталды. Жеңіс 7:6 (7:4), 7:6 (7:4) есебімен Ломакин — Бар-Бирюковтың еншісіне жазылды.
Бір сағат 42 минутта біткен тартысты бәсекеде қазақстандық-ресейлік жұп 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Үндістандық дуэт 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Осылайша, финалға шыққан Григорий Ломакин — Петр Бар-Бирюков үндістандықтар Сакет Минени — Ники Калияндамен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Үндістандағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).