АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Григорий Ломакин жұптық сында Бенгалуру (Үндістан) ITF W25 турнирінің чемпионы болды.
Отандасымыз америкалық спортшы Ник Чеппелмен бірге барлық кездесуін сәтті өткізді.
Олар алдымен жергілікті теннисшілер Дипак Анантхараму — Притам Ганешті жарыс жолынан тайдырды — 6:3, 6:3.
Содан кейін ширек финалда жарыстың 2-ракеткалары, үндістандықтар Саи Картик Редди Ганта — Вишну Вардханды қапы қалдырды — 4:6, 6:4, 10:8.
Жартылай финалда жергілікті жұп Ариан Шах — Каран Сингхті ойсырата жеңді — 6:1, 6:0.
Григорий Ломакин — Ник Чеппелл соңғы шешуші бәсекеде үндістандықтар Эс Де Праджвал Дев — Нитин-Кумар Синхтан айласын асырды — 6:2, 7:6 (7:5). Матч 1 сағат 23 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Мексикада жарыстың 3-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).