Григорий Марченко: Қаржы агенттіктерінен босаған қызметкерлер жұмыссыз қалмайды
14:44, 19 Сәуір 2011
АЛМАТЫ. 19 сәуір. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің, Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу агенттігінің
қызметі мен уәкілеттігі Ұлттық банкке берілген соң ондағы мамандар жұмыссыз қалмайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко бүгін Алматыда өткен баспасөз брифингісінде айтты.
Олар өз қызметін Ұлттық банкте құрылған жаңа комитеттерде өз қызметін одан әрі жалғастыра бермек. Өйткені оларды алмастыратын өзге мамандар жоқ. Сондай-ақ Ұлттық банк қызметкерлері арасында алдағы уақытта қандай да бір алалауға жол берілмейді. Өйткені ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігіндегі мамандардың жартысына жуығы оған Ұлттық банктен 1995 жылы ауысып барғандар. Ал қалғандарының үштен бірі Ұлттық банктің магистратурасын бітіргендер.