Грузиндер «Көзімнің қарасы» әнін ерекше мәнерде шырқады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Грузия өнерпаздары Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқап, көпшіліктің қошеметіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Geo Folk Tour Фейсбуктегі парақшасында грузиндер (гүржілердің) өздері орындаған «Көзімнің қарасы» әнін Қазақстандағы достарына арнайтындығын атап өткен. Қазақ тілінде орындалған әнді өнерпаздар тбилисилік лирикалық, сырлас баллада жанрында шырқап берді. Аранжировка Гиорги Маргвелашвили & Geo Folk Tour-ге тиесілі.

«Құрметті достар! Әннің түпнұсқадағы дыбысталуын көшіріп шырқауды мақсат етіп қоймадық, яғни барынша грузиндік нақышта ұсынуға тырыстық», - делінген жазбада.

Әлеуметтік желіде гүржі өнерпаздарына алғыс айтушы қазақстандықтардың саны артып келеді. Мәселен, желіні қолданушының бірі: «Қазақтың әнін өте әдемі шырқап берді! Енді қазақтар жауап ретінде «Суликоны» орындап берсе жөн болар еді», - дейді.

Өз кезегінде  Geo Folk Tour  бұл пікірлерге рахметін жеткізді. «Мен  «Көзімнің қарасы» мен «Суликоны» Грузия мен Қазақстанда достықтың бір дастарханында бірге шырқауды ұсынғым келеді», - деп атап өтілген  Geo Folk Tour  парақшасында.