АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Грузия құрамасы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына жолдама алды. Грузиялық құрама Ұлттар лигасы С жолы бойынша плей-офф сатысы финалында Грекияны пенальтиден жеңіп кетті.
Енді грузиялық футболшылар құрлықтық додада Португалия, Түркия және Чехиямен кездеседі.
Кездесу барысында Грузия мен Грекия құрамалары ойынның негізгі кезеңі мен овертаймда бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Бұл жолы грузиялық футболшылар қарсыласын 4:2 есебімен сүріндірді.
Осылайша Грузия өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионаты финалдық сатысына жолдама алды.
Айта кетсек, Грузия жартылай финалда Люксембургті 2:0 есебімее жеңсе, Грекия Қазақстанды 5:0 есебімен тізе бүктірді.
Енді Ұлттар лигасы плей-офф сатысында құрлықтық додаға тағы екі жолдама иегері анықталды.
Дәл қазір Польша мен Уэльс, Украина мен Исландия құрамалары ойнап жатыр.
Сондай-ақ, Люксембург және Қазақстан құрамалары жолдастық кездесу өткізуде. Әзірге қазақстандық футболшылар 1:0 есебімен басым түсуде.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.