Алдын ала болжам бойынша Грузия халқы 2050 жылға қарай бір миллион адамға, яғни 28 пайызға азаюы мүмкін. Соңғы 4 жылдың ішінде елдегі бала туу деңгейі күрт төмендеуі мүмкін.
«2020 жылдан бастап Грузияда бала туу деңгейі 2 есе қысқарады. 1980 және 1990 жылдар аралығында шамамен 500 мың, ал 1990 және 2000 жылдар аралығында 245 мың бала туған. Сонда 2020 жылдан бастап туатын аналар қатары 2 есе азайды деген сөз», - дейді Демократиялық жаңару қорының басшысы Тамар Чибурданидзе.
90-жылдардың басындағы бала туудың кемуіне Абхазиядағы қарулы қақтығыс пен тәуелсіздік алғаннан кейінгі экономикалық-әлеуметтік қиындықтар себеп болған. Сарапшылар демографиялық дағдарыстың алдын алу үшін қазірден бастап шаралар қабылдау қажет деп есептейді. Отбасы институтын қолдауға қоғамдық белсенділер үлес қосып жатыр. Жергілікті жас фотографтар «Қыз бала дүниеге келді» деген атаумен арнайы көрме ұйымдастырды. Осылайша олар түсік жасатуға қарсылық білдірген. Себебі грузин отбасында ұлдарға артықшылық береді екен. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бұл елде жүз қыз балаға 110 ұлдан келеді.
«Біздің қор Грузия үкіметімен бірлесіп, демографиялық ахауалды қолдау бойынша 11 бастама әзірледі. Олардың арасында жалғызбасты ата-анаға әлеуметтік демеу көрсету, түсік жасатуды түбірімен жою жұмыстары бар. Бұл шаралар ептеп әсер етіп келеді. Бірақ әлі қыруар шаруа жасалуы керек», - дейді Демократиялық жаңару қорының басшысы Тамар Чибурданидзе.
Грузияда отбасын құру бойынша алғашқы және әзірге бірден-бір орталық жұмыс істейді. Осы мекеме жұмыс істеген 17 жылдың ішінде жүздеген бақытты отбасы құрылған.
Елде қазір бала туу деңгейі бойынша Тбилиси алда тұр. Өкінішке қарай, елдің кейбір аймақтарындағы демографиялық ахуал тіптен нашарлап кеткен. Осыған байланысты 2016 жылдың жазынан бастап таулы өңірде тұратын көпбалалы отбасылар үшін арнайы ақшалай көмек бекітілді.