ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Грузия құрамасының футболшысы Элгуджа Лобжанидзе биыл Қызылорданың «Қайсар» командасында ойнайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Элгуджа Лобжанидзе 1992 жылдың 17 қыркүйегінде Грузия астанасы - Тбилиси қаласына дүниеге келген. Өз елінде 2012 жылы «ВИТ-Джорджия» командасында алғаш рет кәсіби футболға қадам жасаған ол, одан кейінгі кезеңде сол мемлекеттің «Шукура», «Динамо» (Батуми), «Металлург», Ресейдің «Оренбург» клубтарының намысын қорғады. Былтыр қазақстандық «Тараз» командасында 24 мәрте жасыл алаңға шығып, нәтижесінде қарсыластар қақпасына 8 гол соққан.
Айта кетейік, «Қайсар» 3-27 қаңтар аралығында Түркияның Анталия қаласында алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Қазір командада қазақстандық футболшылармен бірге Ресейден Алексей Шумских, Украинадан Ризван Аблитаров, Мозамбиктен Режиналдо Файфе, Португалиядан Нани, Кабо-Верде елінен Элвин Фортес сынақтан өтуде.
Бүгінгі дейін «Қайсар» қорғаушылар - Елдос Ахметовпен және Бағдат Қайыровпен келісімшартқа отырды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.