Грузия вице-премьері, экономика және тұрақты даму министрі Мариам Квривишвили Imedi телеарнасына берген сұхбатында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша Қазақстан және Әзербайжанмен тығыз ынтымақтастық орнағанын жеткізді. Үш ел жүк ағынын ұлғайту және дәліз инфрақұрылымын жетілдіру жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспарын бірлесіп әзірлеген.
– Біз серіктестерімізбен тұрақты байланыс орнатып, 2029 жылға қарай Орта дәліздің өткізу қуатын 30 млн тоннаға дейін жеткізу үшін бірлескен өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірледік, – деді Мариам Квривишвили.
Оның айтуынша, Грузия 2029 жылға дейін көлік саласын дамытуға мемлекеттік бюджеттен шамамен 7 млрд доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Қаражат порт, теміржол, автомобиль және авиация инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.
Министрдің сөзінше, бұл бағыттарды дамыту Грузияның Орта дәліздегі рөлін нығайтып, өңірлік бірлескен жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін қазан айында Батуми қаласында Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Грузия вице-премьері, Сыртқы істер министрі Мака Бочоришвили көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты және өзге де мәселелерді талқылағаны хабарланған болатын.