Баяндамашы комитет басшысы Анри Оханашвили болды. Регламентке сәйкес, үшінші оқылымда заң жобасына редакциялық түзетулер енгізу көзделген. Ешкімде редакциялық сипаттағы пікір болған жоқ. Жоба үшінші оқылымда жалпы отырыстың қарауына жіберілді.
Шетел агенттері туралы заң жобасына наразылық білдірушілер жексенбіден бері кезекті шеру өткізіп жатыр. Олар 13 мамыр күні таңертең құқықтық мәселелер комитетінің отырысында депутаттардың бастаманы үшінші оқылымда қарауына жол бермеу үшін Руставели даңғылында парламентке барып, түнде сонда қалды. Дүйсенбі күні таңға қарай полиция наразылық білдірушілерді парламент кіреберістерінен ығыстырды.
Грузия парламенті 1 мамырда «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасын екінші оқылымда қолдады. Президент Саломе Зурабишвили, оппозиция және батыс дипломаттары оған қарсы шығып, оны республиканың Еуроодаққа интеграциялануына кедергі деп санады. АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәлімдеуінше, бұл заң жобасы елдің белсенді азаматтық қоғамына нұқсан келтіруге бағытталған. Биліктегі «Грузин арманы – Демократиялық Грузия» партиясының жетекшілері бұл тек үкіметтік емес сектор мен БАҚ-ты шетелден қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатына қызмет етеді деп санайды. Зурабишвили заң жобасы үш оқылымда да қабылданса, оған вето қоятынын мәлімдеді.
15 сәуірден бері оппозиция мен азаматтық белсенділер Тбилисиде шетелдік агенттер туралы заңның қабылдануына қарсы шерулер өткізіп жатыр. Шерулер бірнеше рет қауіпсіздік күштерімен қақтығысқа ұласты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тбилисиде наразылық білдірушілер мен оппозициялық блогер ұсталған болатын.