Грузия полициясына шетелдіктердің жұмыс рұқсаты мен ықтиярхатын тексеруге өкілеттік берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Грузияның патрульдік полиция қызметкерлеріне стандартты құжаттар жиынтығымен қатар, шетел азаматтарынан жұмыс істеуге рұқсаты мен тиісті тұруға ықтиярхатының бар-жоғын тексеру құқығы берілді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі «Про Грузию» Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Грузия ІІМ

Бұған дейін мұндай өкілеттік тек көші-қон қызметіне тиесілі болған. Енді осындай тексерулерді Грузия Ішкі істер министрлігінің патрульдік полиция қызметкерлері де жүргізе алады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Грузияда еңбек қызметін жүзеге асыратын немесе ел аумағында орналасқан клиенттермен жұмыс істейтін шетел азаматтарының жұмыс істеуге рұқсаты және тиісті тұруға ықтиярхаты болуы тиіс.

Қажетті құжаттар болмаған жағдайда 2 мың лари (шамамен 770 доллар) көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал 2026 жылғы қыркүйектен бастап қолданыстағы жаза шараларына шетел азаматын депортациялау да қосылуы мүмкін.

Бұған дейін Грузияда 1 қыркүйектен бастап шетел азаматтарының бірыңғай тізілімі іске қосылатыны хабарланды.