Грузия президенті Батумидегі жағдай бойынша сабырлық сақтауға үндеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Грузия президенті Маргвелашвили Батумидегі тәртіпсіздіктерге қатысушыларды заңды құрметтеуге шақырды.

Бұл туралы мемлекет басшысы Facebook-тегі парақшасына жазды, деп хабарлайды Лента.ру.

«Орын алған (Батумиде) оқиғаларға байланысты барлық тарапты сабырлық сақтап, жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеуге шақырамыз... Әрине, сөз бостандығы мен жиындар өткізуге құқықтарыңыз бар деп есептеймін, алайда мемлекеттік институттар мен заңдарды құрметтеп, күш көрсетуге жол бермеу қажет», - деп атап өтті президент.

Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили де наразылыққа қатысушыларды сабырлы болуға шақырып, жағдайды ушықтырған «деструктивті саяси күштерді» айыптады, деп хабарлайды «Рустави 2» телеарнасы. «Бұл күштер ... вандализмге, мемлекеттік органдар қызметкерлеріне зорлық-зомбылық жасауға қасақана  арандатты», - деген ол, билік тәртіпті реттейтініне сендірді.

Батумидегі былық сенбі күні, 11 наурызда орын алды. Наразылықтың басты себебі - жол жүру ережесін бұзған жүргізушіге қатысты полицейдің әрекеті болған. Кейіннен осыған қатысты ІІМ қызметкерлерімен жаға ұстасқан алты адам тұтқындалған. Батумидің жүздеген тұрғыны полицияның қалалық бас басқармасының алдына жиналып, олардың босатылуын талап етті.

Қақтығыс салдарынан 22 адам, соның ішінде алты полицей зардап шекті. 

Жергілікті телеарналарға сілтеме жасай отырып "ТАСС" агенттігі бүгін таңертең хабарлағандай, бүлікке қатысқан 20-дан астам адам ұсталып, полиция бөлімшелеріне жеткізілді.