Грузия туризмі қарқын алып келеді: табыс 1,3 млрд доллардан асты

Фото: Georgia Travel

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың екінші тоқсанында Грузияға 1,8 миллион шетелдік азамат келген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,9 пайызға жоғары, деп хабарлайды 1TV.ge порталы.

Ұлттық статистика қызметінің мәліметінше, туристік сапарлардан түскен табыс 3,5 миллиард лариға (1,295 млрд АҚШ доллары) жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,6 пайызға артық.

Келушілердің басым бөлігін 31-50 жас аралығындағы азаматтар құраған – 44,2 пайыз. Әйелдердің үлесі – 41,8 пайыз.

Туристік сапарлардың 80,1 пайызы ұзақмерзімді демалысқа арналған, 15,8 пайызы – біркүндік, ал 4,2 пайызы аралас сипатта болған.

Ең көп туристер келген елдер қатарында:

  • Ресей – 309,4 мың адам (22,4%),
  • Түркия – 242,9 мың (17,6%),
  • Армения – 148,9 мың (10,8%).

Ең танымал бағыттар – Тбилиси (928 мың турист) және Аджария автономиялық республикасы (629 мыңнан астам).

Сапарлардың 49,4 пайызының негізгі мақсаты демалыс және ойын-сауық болған. Орташа сапар ұзақтығы 5,3 түнге дейін ұлғайған.

Айта кетерлігі, туристік сапарлардың 78,1 пайызы – қайталанған, бұл Грузияның шетелдік туристер үшін тартымдылығының жоғары екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, жалпы шығын көлемінің өсуіне қарамастан, бір туристке шаққандағы орташа шығын 6 пайызға азайып, 2 116,8 лариді (шамамен 784 доллар) құраған.

Бұған дейін 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Грузия халықаралық туризмнен 2 млрд доллар табыс тапқаны хабарланған болатын.