Грузия түрмесіндегі зорлық-зомбылықтар туралы видеоның авторы кепілдікпен босатылды

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Тбилиси қалалық соты сотталушыларға көрсетілген зорлық-зомбылықтар туралы видеоның авторы, Глданск түрмесінің бұрынғы қызметкері Владимир Бедукадзені кепілдікпен шығару шешімін қабылдады.

Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.

Кепілдікке босату туралы шешімді сот тергеудің өтінімхаты негізінде қабылдады. Екі мың лари көлеміндегі (1200 долларға жуық) кепіл соманы Бедукадзе 10 күннің ішінде енгізуі тиіс.

Бедукадзе босатылғаннан кейін тергеумен бірге жұмыс істеуге әзір екендігін және өзінің кінәсіздігін мәлім етті.

Еске сала йық, Глдансктің №8-інші түрмесінде сотталушыларға көрсетіліп отырған зомбылықтар туралы видео 2012 жылдың қыркүйек айында Грузияның оппозициялық телеарналарында көрсетілген болатын. Олардың жариялануы саяси дау-дамай туындатып, екі министрдің отставкасына алып келді. Бұл елдегі парламенттік сайлаулар алдында ел билігі үшін теріс әсерін тигізді.

БАҚ-тарда бейнежазбалардың авторы аталған Бедукадзе олар түсірілген кезде түрмеде жұмыс істеген, және азаптауларға қатысуы да мүмкін. Жазбалар эфирде жарияланып жатқанда ол Белгияда саяси баспана алуға тырысып жатты. Ел билігі оны халықаралық іздеуге жариялады, прокуратура оған азаптаулар үшін сырттай айып тақты, ал сот екіайлық мерзімге қамауға алуға алдын ала үкім шығарды.

«Грузия арманы» оппозициялық қозғалысы жеңіске жеткен парламенттік сайлаулардан кейін және ел үкіметі ауысқаннан соң Бедукадзені іздеу тоқтатылды. Соған қарамастан, ол 18 қаңтар күні Грузияға оралған күні Тбилисидің әуежайында тұтқынға алынды.