Алдын ала мәліметке сәйкес, шілдеде елдің сыртқы сауда айналымы 2,073 млрд долларды құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға төмен. Төмендеу экспортта да, импортта да байқалды:
Импорт 6,7%-ға, - 1,464 млрд долларға дейін, ал экспорт 11%-ға, 609,1 млн долларға дейін төмендеді.
Солай болғанымен Грузияның сыртқы саудасы 2025 жылдың алғашқы жеті айында тұрақты өсуін көрсетті. Жалпы тауар айналымы 14,154 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың қаңтар-шілде айларымен салыстырғанда 10,3%-ға артық.
Импорт 10,8%-ға өсіп, 10,31 млрд долларды құрады, экспорт 8,9%-ға өсіп, 3,844 млрд долларға жетті.
Қаңтар-шілде айларындағы сауда теңгерімінің теріс сальдосы 6,466 млрд долларды құрады, бұл сыртқы сауда айналымының 45,7%-ына тең.
Сарапшылар атап өткендей, төмендеу ең алдымен маусымдық факторларға, сұраныстың ауытқуына немесе логистикалық кешігулерге байланысты.
Бүгінде Грузияның экспорт көшбасшыларының үлесі тұрақты болып қалып отыр. Бірінші орында – жеңіл автокөліктер (айналымы шамамен $1,21 млрд), одан кейін бағалы металдар мен концентраттар (шамамен $175 млн), үшінші орында алкогольдік сусындар (шамамен $123 млн) тұр.
Бұл ретте экспорт негізінен Қырғызстанға (681 млн доллар), Қазақстанға (414 млн доллар), Әзербайжанға (342 млн доллар) бағытталған. Ал импорт негізінен Түркиядан (1,29 млрд доллар), АҚШ-тан (1,283 млрд доллар), Ресейден (951 млн доллар) келеді.
Грузия экономикасы маусымда өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 6,3%-ға өсті, бұл сәуір мен мамырдағы 7,5% өсімнен сәл төмен.
Бұған дейін Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) жаңартылған есебін жариялап, онда Грузияның экономикалық саясатына және соңғы жылдары қол жеткізген әсерлі нәтижелеріне жоғары баға бергенін жазған болатынбыз.