Жаңа талаптарға сәйкес, асыл тұқымды иттер мен мысықтарды өсіруге берілетін рұқсат екі жыл мерзімге рәсімделеді. Қажет болған жағдайда оны тағы бір жылға ұзартуға болады. Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін жануарлар міндетті түрде стерилизациядан немесе кастрациядан өткізілуі тиіс.
Ресми көрмелерге қатысатын жануарларға ғана бұл талап қолданылмайды. Мұндай иттер мен мысықтардың иелері оларды арнайы мемлекеттік дерекқорға тіркеуге міндетті. Егер тіркелгеннен кейін екі жыл ішінде жануардың көрмелерге қатысқанын растайтын құжат ұсынылмаса, ол да міндетті стерилизациядан өткізіледі.
Заңға сәйкес, жануарларды асылдандыру мақсатында шағылыстырудың ең төменгі жасы белгіленген. Ұрғашы иттерді – 17 айдан, еркек иттерді – 12 айдан, ал мысықтарды – 12 айдан бастап шағылыстыруға болады.
Сонымен қатар, белгілі бір жастан асқан жануарларды көбейту (шағылыстыру) мақсатында пайдалануға тыйым салынады. Атап айтқанда, иттер үшін шекті жас – 9 жыл, ұрғашы мысықтар үшін – 7 жыл, еркек мысықтар үшін – 9 жыл.
Бұдан бөлек, жануарларды жылына бір реттен артық шағылыстыруға болмайды.
Жаңа талаптарды бұзғандарға 3 мың лари (шамамен 1,1 мың АҚШ доллары) көлемінде айыппұл қарастырылған.
Сондай-ақ Үкіметтің жеке шешімімен әлеуетті қауіпті деп танылған бірқатар ит тұқымдарын өсіруге үш жылдық мораторий енгізілді. Тізімге питбультерьер, стаффордшир терьері, аргентиналық дог, кане-корсо және басқа да тұқымдар енген.
Бұдан бөлек, соңғы жылдары Грузияда саны айтарлықтай көбейген хаски, маламут және лайка сияқты танымал ит тұқымдарын өсіруге де уақытша тыйым салынды.
1 шілдеден бастап қосымша шектеулер Тбилисиде де күшіне енді. Тбилиси сакребулосының шешіміне сәйкес, питомник немесе жануарлар панасы мәртебесі жоқ азаматтарға бір пәтерде немесе бір жер телімінде бес үй жануарынан артық ұстауға тыйым салынады.
Жаңа ережелерге сәйкес, үй жануарының ресми иесі ретінде 16 жастан бастап тіркелуге болады. Ал қауіпті тұқымдағы иттерді тіркеу үшін психикалық денсаулық туралы медициналық анықтама ұсыну міндеттеледі.
Бұған дейін Грузия азаматтарының жұбайларына арналған ықтиярхаттың жаңа санатын енгізетінін жазған болатынбыз.