Есепке сәйкес, ел халқының саны 3,93 млн адам. Бұл 2014 жылғы халық санағының көрсеткішінен 5,8 пайызға жоғары, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, елде урбанизация деңгейінің өсуі жалғасып жатыр. Қалаларда халықтың 62,5 пайызы тұрса, ауыл тұрғындарының үлесі 37,5 пайыз.
Халық санының ең айтарлықтай өсімі Тбилиси қаласында тіркелді. Мұнда тұрғындар саны 1,33 млн адамға жетіп, соңғы он жылда 20 пайызға артқан. Сондай-ақ Батуми қаласында да елеулі өсім байқалып, халық саны 54 пайызға көбейген.
Астанадан бөлек, Аджария мен Квемо Картли аймақтарында халық санының артуы тіркелді. Ал елдің басқа өңірлерінің басым бөлігінде халық санының азаю үрдісі сақталып отыр.
Халық санағының қорытындысы бойынша, соңғы он жылда Грузия азаматтарының саны 2,5 пайызға немесе шамамен 91 мың адамға артқан.
Ел халқының 96,1 пайызы немесе 3,77 млн адам – Грузия азаматтары. Тұрақты тұратын шетелдік азаматтардың саны шамамен 134 мың адамды құрайды. Олардың ішінде Ресей, Үндістан, Украина, Әзербайжан және Армения азаматтары ең үлкен топты құрайды.
Этникалық құрылымда халықтың 84,1 пайызы грузиндер. Екінші орында – әзербайжандар, олардың саны 268,8 мың адам немесе ел халқының 6,8 пайызы. Үшінші орында армяндар орналасқан, олардың үлесі 4,3 пайыз.
Жарияланған деректер ел халқының ірі қалаларда шоғырлануы жалғасып жатқанын және бірқатар өңірде демографиялық қысқару үрдісінің сақталғанын көрсетеді.
Айта кетелік Грузия иммиграциялық ережелерді қатаңдататыны туралы жазған едік.