Грузияда 39 адам ел президенттігіне кандидат ретінде тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 8 қыркүйек күні Грузиядағы Орталық сайлау комиссиясына ел президентіне кандидаттарды тіркеу үшін өтініш беру уақыты аяқталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Арменпресс-ке сілтеме жасап.

Қазіргі таңда ел басқаруға үміткерлер саны 39-ға жеткен. Оның 20-сын бастамашыл топтар ұсынып отырса, қалған 19-ы саяси партиялардың атынан сайлауға түсіп отыр.

Кандидаттарды қолдап, қойылған қолтаңбалар тізімі сайлау күніне 40 күн қалғанға дейін Орталық сайлау комиссиясына өткізілуі тиіс. Кем дегенде 23 923 (барлық сайлаушылардың 0,75%) қол жиналуы керек. Оларды тексергеннен кейін ОСК дауыс беру күніне кем дегенде 30 күн қалғанға дейін құжаттары мен қолдаушылар қолының саны тиісті заң талаптарына сай келетін кандидаттарды мемлекет президенттігіне үміткер ретінде тіркейді.

Қазіргі уақытта тек 4 кандидат қана жан-жақты тіркеуден өтті. Олар - Михаил Салуашвили («Әділдікті қайта орнату одағы «Халық үні»: Құдай біздің тура жол» партиясы), Звиад Багдавадзе («Азаматтық платформа - жаңа Грузия»), Шалва Нателашвили (Грузияның Лейбористік партиясы) және Давид Бакрадзе («Еуропалық Грузия - еркіндікке бағытталған қозғалыс»).