Грузияда инфляцияның өсуі: азық-түлік пен медициналық қызметтер қымбаттады

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM — Грузияда инфляция 4,8%-ға жетіп, азық-түлік бағасының өсуі бойынша соңғы екі жылдағы рекордты жаңартты, деп хабарлайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі «Сакстат» Ұлттық статистика қызметіне сілтеме жасап.

Бағалардың негізгі өсімі азық-түлік пен алкогольсіз сусындардың бір жыл ішінде 11,9%-ға қымбаттауымен байланысты екені хабарланды.

Ведомство мәліметтері бойынша, 2025 жылғы қыркүйекте Грузиядағы жылдық инфляция 4,8%-ға жетіп, екі жылдық максимумды жаңартты, ал айлық өсім 0,5%-ды құрады.

Айлық инфляция тамыз айымен салыстырғанда 0,5%-ды, ал азық-түлік пен энергетикалық ресурстарды есептемегендегі базалық инфляция жылдық 2,1% шамасында болды.

Бағалары ең көп көтерілген азық-түлік өнімдері — әсіресе жемістер мен жүзім 25%-ға, көкөністер мен бақша өнімдері 19,5%-ға қымбаттаған. Майлар мен майлы өнімдер 16,4%, қант пен тәттілер 15,1%, кофе мен шай 12,8% өсім көрсетті.

Денсаулық сақтау саласының қызметтері 9%-ға қымбаттап, оның ішінде амбулаториялық қызметтер (+9,2%), ауруханалық қызметтер (+9,4%) және медициналық құралдар (+8,1%) бағасы өсті. Алкоголь және темекі өнімдерінің бағасы 4,1%-ға артты.

Бағасы төмендеген жалғыз сектор — көлік (-2,1%) болды, бірақ автомобиль бағасы 0,7%-ға қымбаттады.

Экономистердің айтуынша, инфляция 2025 жылғы ақпаннан бері 3%-дық мақсаттық деңгейден жоғары қалып отыр. Ал 2025 жылдың екінші тоқсанында нақты ЖІӨ өсімі 7,3%-ды құрап, болжанған 6%-дан асып түсті.

Сарапшылар бағалардың өсуін азық-түлік пен энергетикалық ресурстардың жаһандық құбылмалылығы және ішкі сұраныстың артуымен байланыстырады.

Тамыз айында Грузия экономикасының өсу қарқыны 6,3%-ға төмендегені туралы хабарланған еді.