Грузияда муниципалдық сайлауға қатысатын партиялардың тіркелуі аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы 4 қазанға белгіленген муниципалдық сайлауға Грузияда 14 саяси партия қатысады. Бұл туралы елдің Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) хабарлады, деп жазады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Тіркеу жергілікті өзін-өзі басқару өкілдік органдары — Сакребуло (муниципалдық кеңестер), сондай-ақ өзін-өзі басқаратын қала мен қауым мэрлерін сайлауға дайындық аясында аяқталды.
Ресми мәліметке сәйкес, құжаттарын тапсырған 17 саяси партияның 14-і тіркеуден өтіп, сайлауға қатысу құқығын алды. Үш партия заңда белгіленген талаптарға сай келмегендіктен тіркеуден өтпеді.
Сайлау процесінің келесі кезеңінде партиялық тізімдер, мажоритарлық кандидаттар және мэр лауазымына үміткерлер ұсынылады. Тиісті құжаттар 4 қыркүйектен кешіктірілмей аймақтық сайлау комиссияларына тапсырылуы тиіс. Құжаттар тапсырылған соң тексеру және үміткерлерді түпкілікті тіркеу процесі басталады.
Тіркелген партиялардың тізімі (сайлау нөмірлері бойынша):
1. «Отан, тіл, дін» (№ 1)
2. «Грузия үшін консерваторлар» (№ 3)
3. «Грузин бірлігі» (№ 4)
4. «Біздің бірігкен Грузия» (№ 5)
5. «Еркін Грузия» (№ 7)
6. «Грузия патриоттарының альянсы» (№ 8)
7. «Күшті Грузия — Лело» (№ 9)
8. «Солшыл альянс» (№ 10)
9. «Грузия» (№ 11)
10. «Жасылдар партиясы» (№ 12)
11. «Халық билігі» (№ 14)
12. «Гахария — Грузия үшін» (№ 25)
13. «Гирчи» (№ 36)
14. «Грузин арманы» (№ 41)
Муниципалдық сайлау елдегі ең ауқымды саяси науқан болып саналады, бұл күні барлық аудан мен қала тұрғындары жергілікті басшыларын таңдайды.
Пропорционалды жүйе бойынша аудандық кеңестерге (Сакребуло) өту үшін партиялар кемінде 4% дауыс жинауы қажет. Мэр лауазымына үміткер сайлаушылардың жартысынан астамының қолдауына ие болуы тиіс.
Парламенттік сайлаудан айырмашылығы, мұнда нәтижелер әр аудан бойынша жеке есептеледі, сондықтан олар бір-бірінен едәуір ерекшеленуі мүмкін.
Ақпанда Грузия парламенті үш оппозициялық саяси коалициядан сайланған 49 депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты.
Айта кетелік Қазақстан Грузияға туристері жиі сапарлайтын үздік 10 елдің қатарына кірді.