Грузияда пойыз кешіккен жағдайда жолаушыларға өтемақы төленетін болды

АСТАНА. KAZINFORM - Грузия Экономика министрлігі теміржол жолаушыларының құқықтарын қорғауға қатысты жаңа ережелерді бекітті. Құжат пойыз кешіккен жағдайда өтемақы төлеуді және рейс тоқтатылған, бағыт өзгерген немесе жүкке қатысты мәселе туындаған кезде жолаушыларға қосымша кепілдіктер беруді көздейді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Грузияның Заңнама хабаршысына сілтеме жасап.

Фото: АО «Грузинская железная дорога»

Бекітілген ережеге сәйкес, пойыз теміржол компаниясының кінәсінен кешіксе және жолаушыға билет құны қайтарылмаса, оған өтемақы төленеді.

Пойыз 60-119 минутқа кешіккен жағдайда жолаушы билет құнының кемінде 25 пайызы көлемінде өтемақы алады.

Кешігу 120 минуттан асса, өтемақы мөлшері билет құнының кемінде 50 пайызын құрайды.

Егер сапар барысында пойыздың межелі станцияға бір сағаттан астам кешігетіні белгілі болса, жолаушы бірнеше нұсқаның бірін таңдай алады.

Ол билет құнын толық қайтаруды талап етуге, сапарын жалғастыруға немесе бағытын өзгертуге құқылы.

Жаңа ережелер пойыз рейсі тоқтатылған, маршрут өзгерген, сондай-ақ жүк жоғалған немесе бүлінген жағдайда жолаушылардың құқықтарын қорғау тәртібін де белгілейді.

Құжатта жолаушыларды ақпараттандыруға және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін теміржол қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптар да қарастырылған.

Жаңа талаптардың сақталуын Грузияның Теміржол көлігі агенттігі бақылайды.

Жолаушы «Грузия теміржолы» компаниясының шағым бойынша қабылдаған шешімімен келіспеген жағдайда немесе белгіленген мерзімде жауап алмаса, агенттікке жүгіне алады.

Агенттік тексеру жүргізуге және анықталған заң бұзушылықтарды жою жөнінде міндетті нұсқама беруге құқылы.

Сондай-ақ ведомство заңнамада көзделген әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдана алады.

Бұған дейін Грузия теміржолдарды жаңғыртуға 370 млн доллардан астам инвестиция салатыны хабарланған болатын.

Осыған дейін Грузия тұрғындары шетелге жиі шығып, шығынын едәуір арттырғаны туралы жаздық.