Грузияда президент сайлауы басталды

Фото: Qafqazinfo.az

АСТАНА. KAZINFORM – Грузияда президенттік сайлауға арналған сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 09:00-де (Астана уақытымген 10:00) ашылды, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі. 

Дауыс беру парламент ғимаратында сағат 14:00-ге дейін жалғасады. Жаңа мемлекет басшысын 300 адамнан тұратын сайлаушылар алқасы сайлайды.

Алқа құрамына ресми түрде Грузия Парламентінің 150 депутаты, Аджария Жоғарғы Кеңесінің 21 депутаты, Абхазия Жоғарғы Кеңесінің 20 өкілі және елдің әртүрлі аймақтарының муниципалдық билігінің аудандық сакребулосының 109 депутаты кіреді. 

Алқаның 300 мүшесінің 211-і – елдегі биліктегі «Грузин арманы» партиясының өкілдері.

Грузияның Сайлау кодексіне сәйкес сайлауға алқа мүшелерінің жартысынан көбі қатысса, сайлау өтті деп саналады. Бұл ретте бірінші турда өткен кандидат сайлану үшін алқаның толық құрамының кемінде үштен екісінің, яғни 200 дауысын алуы тиіс. 

Дауыс беру аяқталғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) дауыстарды санап, алқаға түпкілікті қорытындыны жариялайды.

Грузияда президент 5 жылдық мерзімге сайланады. Бұл лауазымға жалғыз үміткер – биліктегі «Грузин арманы – Демократиялық Грузия» партиясының өкілі, бұрынғы футболшы, парламент депутаты Михаил Кавелашвили.

Грузияның қазіргі президенті Саломе Зурабишвили бұл қызметті 2018 жылдың 16 желтоқсанынан бері атқарып келеді. Бұған дейін ол парламент «заңсыз» болғандықтан, мандатының аяқталуына қарамастан отставкаға кетпейтінін мәлімдеген. 

Елдегі соңғы президент сайлауы 2018 жылы жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өтті. 2024 жылдан бастап тікелей президент сайлауы жойылды.