Грузияда президенттік сайлау жүріп жатыр

АСТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат - Грузияда жергілікті сағат 08.00-де президенттік сайлау басталды, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

Республиканың аумағында 3689 сайлау учаскелері ашылып, жұмыс жасауда. Дауыс беру кешкі сағат 20.00-ге дейін жалғасады. Орталық сайлау комитетінен келіп түскен мәліметке қарағанда, Грузияда сайлауға 3,537 млн. адам дауыс беруге қатыса алады. Сайлау барысында сайлаушының өзімен бірге жеке куәлігі немесе төлқұжаты болуы шарт.

Бұл жолы саяси додаға 23 үміткер түсіп отыр. Тақ үшін таласқа қазіргі Мемлекет басшысы қатыспайды. Екі мәрте президенттікке сайланған Михаил Саакашвили ел заңы бойынша орнын босатуы керек. Заңға сәйкес президент 5 жылға сайланады. Дауыс берушілердің 50%-ынан артық дауысын жинаған үміткер жеңімпаз атанбақ. Кандидаттардың ешқайсысы мұндай көрсеткішке қол жеткізбесе, 2 апта ішінде доданың екінші айналымы жарияланады.