Грузияда заңсыз криптомайнингке қарсы рейдтер жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Грузияның құқық қорғау органдары Сванетия өңірінде заңсыз криптомайнингке қарсы ауқымды рейд бастады. Операция барысында Местия муниципалитетінде криптовалюта өндіруге арналған шамамен 150 құрылғы тәркіленді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі.

Фото: Грузия СІМ

Грузия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тергеу әрекеттері бір мезгілде алты нысанда жүргізілген. Құқық қорғаушылар цифрлық активтер өндіру үшін пайдаланылған арнайы жабдықтарды анықтады. Бұл құрылғылар электр энергиясының едәуір көлемін тұтынған.

— Тергеу аталған құрылғылардың көмегімен жергілікті тұрғындардың цифрлық валюта өндіріп, электр энергиясын заңсыз әрі көп көлемде пайдалану арқылы тұрақты түрде заңсыз табыс тапқанын анықтады, — деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

Тәркіленген жабдықтар заттай айғақ ретінде танылды. Тергеу бұл схемаға қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтау жұмысын жалғастырып жатыр.

Іс энергетикалық ресурстарды пайдалану қағидаларын бұзу бабы бойынша тергеліп жатыр. Аталған бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Соңғы жылдары Сванетиядағы заңсыз криптомайнинг мәселесі Грузияның энергетикалық жүйесі үшін ең өзекті проблемалардың біріне айналды. Өңір тұрғындары таулы аудандарға арналған мемлекеттік жеңілдік аясында электр энергиясын тегін алады. Алайда бұл көлеңкелі майнингтің күрт өсуіне және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне себеп болған.

Үкімет деректеріне сәйкес, 2025 жылы Местия шамамен 133 миллион киловатт-сағат электр энергиясын тұтынған. Бұл көрсеткіш елдегі көптеген басқа муниципалитеттерден айтарлықтай жоғары. Билік өкілдері энергетикалық жүйеге келетін жыл сайынғы шығынды 7,3–9,1 миллион АҚШ доллары көлемінде бағалап отыр.

Еске сала кетейік, 1 маусымда құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру мәселелері жөніндегі мемлекеттік министр Мамука Мдинарадзе заңсыз криптомайнингке қарсы жүйелі күрес басталғанын жариялаған болатын. Билік электр энергиясын есептейтін құралдарды орнатып, тегін тұтынуға лимит енгізуді жоспарлап отыр. Белгіленген нормадан асқан жағдайда тұрғындар электр қуаты үшін тариф бойынша ақы төлейді.

Бұған дейін Ресейде криптовалютаның заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті күшейту шаралары қолға алынғаны хабарланған еді