Грузиялық азамат ұшақты басқа бағытқа бұрмақ болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Минскіде Кутаиси-Минск бағытымен ұшып келе жатқан ұшақты бәзбіреу басқа бағытқа бұрмақ болды, деп жазады 24.kz.

Экипаж командиріне жолаушылардың бірі әуе лайнерінің ұшу бағытын Еуропа елдерінің біріне қарай бұруды талап еткен хат жолдаған. Хат авторы талабы орындалмаса, ұшақты жарып жіберемін деп қорқытқан. Бұл кезде әуе көлігінің ішінде 32 жолаушы болған. Оның бірі сәби және экипаждың 4 мүшесі бар еді. Ұшқыштардың шұғыл іс-әрекетінің нәтижесінде 6 сағат 50 минутта аталған ұшақ Минск ұлттық әуежайына аман-есен келіп қонды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің терроризмге қарсы күрес басқармасы әуе кемесінің бортына көтеріліп, сес көрсеткен жолаушымен келіссөз жүргізді. Ақыры 41 жастағы Грузия азаматы өз еркімен берілді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

«Алғашқы хатты әуе командирі Минск қаласының әуежайына қонуға 200 шақырым қалғанда алды. Одан кейін бопсалаушы әуеде де, жерге қонғаннан кейін де өзінің талаптарын қайта-қайта өзгертумен болған. Оның бортта өзге серіктесі болған-болмағанын анықтау мақсатында экипаж мүшелері мен барлық жолаушылар тексерістен өтті», - дейді Беларусь Республикасы ҰҚК баспасөз қызметінің жетекшісі Артур Стрех.