Грузияның бұрынғы қорғаныс министрі қамауға алынды

Фото: Грузия Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Тбилиси соты сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін ұсталған Грузияның бұрынғы қорғаныс министрі Джуаншер Бурчуладзеге бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстауды таңдады, деп хабарлайды Newsgeorgia.

Бурчуладзе әскери госпиталь үшін МРТ аппаратын сатып алу кезінде қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген айып тағылып отыр. Бұл іс бойынша алғашқы қамауға алу шілде айында өтті. Бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен бұрынғы қорғаныс вице-министрі Георгий Хаиндрава, ведомствоның бұрынғы сатып алу бөлімінің басшысы және Бурчуладзенің күйеу баласы қамауға алынған. Тергеу дерегінше, шенеуніктер әдейі бәсекелестік орта құрмай, келісімшарт құнын 1,3 млн лариге арттырған.

Сонымен қатар, айыпталушы биыл қаңтарда заңсыз табыстарды жасыру үшін Испаниядан 544 мың еуроға жер телімі бар үй сатып алғаны айтылып отыр. Прокуратураның мәліметінше, Бурчуладзе Испаниядағы жылжымайтын мүлікті декларациясында көрсетпеген.

Бурчуладзе айыбын мойындамайды. Ол Испаниядағы үйді анасынан қалған пәтерді заңды түрде сатып, сондай-ақ Тбилиси маңындағы өз үйін кепілге қойып алғанын айтты. Оның сөзінше, сатып алғаннан кейін декларация тапсыруға уақыт болмаған.

Сот процесінде ол айыптауды «дайындалмаған» деп атап, «оның мүлдем басқа себептерге байланысты болуы мүмкін» деген күдігін жеткізді.

Қорғау тарапы экс-министрді кепілдікпен босатуды сұрағанымен, сот прокуратураның өтінішін қанағаттандырды. Айыптау тарапынан қамауға алу себебі ретінде айыпталушының жасырынып қалу, дәлелдерді жою және куәгерлерге ықпал ету қаупі көрсетілді.

Бурчуладзеге 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.

Бурчуладзе 2021 жылғы 22 ақпаннан 2024 жылғы 8 ақпанға дейін қорғаныс министрі қызметін атқарды. Ол премьер-министр Ираклий Гарибашвилидің үкіметінің мүшесі болған. Гарибашвили бұқаралық ақпарат құралдарының сыбайлас жемқорлық айыптаулары аясында отставкаға кетіп, биыл көктемде саясаттан кететінін жариялаған.

Еске сала кетейік, осы жылдың наурыз айында Грузияның экс-президенті Саакашвили мемлекеттік қаражатты ірі көлемде жымқырғаны үшін 9 жылға сотталған болатын.